Қазақстанның сыбайлас жемқорлыққа қарсы іс-қимыл агенттігі жаңа жоба – квазимемлекеттік сектор компаниялары мен ұйымдарының коррупцияға қарсы комплаенс-қызметіне арнап үлгілік ереже әзірледі. Жоба талқылау және толықтыру үшін көпшілікке жарияланған.
Естеріңізге сала кетейік, 2021 жылдан бастап сыбайлас жемқорлыққа қарсы комплаенс мемлекетке қатысты бүкіл компаниялар мен ұйымдарды басқарудың міндетті элементіне айналды. Сыбайлас жемқорлыққа қарсы іс-қимыл агенттігінің (Антикор) мәліметіне сенсек, осы уақыт ішінде мемлекеттің қатысы бар 6 000-нан астам кәсіпорын мен ұйымда комплаенс қызметі құрылған.
Антикор комплаенс офицерлері мен қызметкерлеріне сыбайлас жемқорлыққа қарсы бағдарламалар мен саясатты енгізу, заңнама талаптарын орындау, қызметкерлерді оқыту, комплаенс-функцияның негізгі элементтерін орындау бойынша әдіснамалық және ақпараттық көмек көрсетеді.
Комплаенс жұмысы барысында мынадай негізгі проблемалар анықталды:
- Компания басшылығының сыбайлас жемқорлыққа қарсы бағдарламаларды іске асыруға жете мән бермеуі, араласпауы
- Ресурс тапшылығы – оның ішінде кадрлық, сондай-ақ техникалық және қаржылық тапшылық та бар
- Қызметкерлердің компания мен ұйымдағы коррупция фактілері туралы ақпаратты әшкерелеуге деген ынта-ықыласының жоқтығы
- Сыбайлас жемқорлыққа қарсы бағдарламалар бизнес-процестердегі коррупция қатеріне негізделмейді
- Компаниялар мен ұйымдарда қабылданған саясат қайта қаралмайды және жаңартылмайды.
- Ұйымдар мен компанияларда мүдделер қақтығысы, сыбайлас жемқорлық және басқа да заң бұзу фактілері туралы хабарламалар өте аз тіркеледі, тіпті жоқтың қасы.
Квазимемлекеттік сектор компаниялары мен ұйымдарының толыққанды комплаенс-қызмет құруға қажет әлеуеті, ресурстары әртүрлі болғандықтан Антикор квазимемлекеттік сектор субъектілеріндегі коррупцияға қарсы комплаенс-қызмет туралы үлгілік ережені әзірледі .
Жоба комплаенс-қызметтің өкілеттігін, функцияларын және жұмыс әдістерін, сондай-ақ есеп-қисабын барынша егжей-тегжейлі реттеуді көздейді. Бұдан бөлек, комплаенс қызметкерлерінің біліктілігіне қойылатын талаптар белгіленеді, сондай-ақ квазимемлекеттік сектор ұйымдары мен компанияларының басшыларына сыбайлас жемқорлыққа қарсы бағдарламаларды іске асыру және комплаенс-қызметтің компания немесе ұйымның басқа бөлімшелерімен өзара іс-қимылы бойынша белгілі бір міндеттер жүктеледі.